Мазмұнына қайту

Оқу құралына кіріспе

Алғы сөз

Ұсынылып отырған электронды оқу құралы биология саласында білім алушы білімгерлердің кәсіби даярлығын жетілдіру және олардың танымдық іс-әрекетін ғылыми негізде қалыптастыру қажеттілігінен туындады. Қазіргі кезеңде білім беру жүйесі теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруды, білімгердің зерттеушілік қабілетін дамытуды және оның табиғи ортада дербес ғылыми әрекет жүргізу дағдыларын қалыптастыруды талап етеді. Осы тұрғыда фитосанитарлық зерттеулер биологиялық білім берудің маңызды әрі тиімді бағыттарының бірі болып табылады.

Электронды оқу құралында фитосанитарлық зерттеулерді ұйымдастырудың теориялық-әдіснамалық негіздері мен практикалық аспектілері жүйелі түрде қарастырылып, білімгердің танымдық, аналитикалық және зерттеушілік қабілеттерін дамытуға бағытталған оқу материалы ұсынылған. Жалпақ жапырақты ағаштар мысалында жүргізілетін зерттеулер арқылы білімгерлер табиғи объектілермен тікелей жұмыс істеуді, морфологиялық талдау жүргізуді, зиянкестерді диагностикалауды және алынған нәтижелерді ғылыми тұрғыда интерпретациялауды меңгереді.

Оқу құралдың мазмұны заманауи білім беру талаптарына сәйкес құрылып, теория мен практиканың өзара байланысын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, электронды форматтың мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылып, QR-кодтар, аудио және бейнематериалдар, интерактивті тапсырмалар арқылы білімгердің оқу белсенділігі мен қызығушылығын арттыру көзделген. Бұл тәсіл білімгерді тек білім алушы ретінде емес, зерттеуші ретінде қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Құралды әзірлеу барысында отандық және шетелдік ғылыми-педагогикалық зерттеулердің нәтижелері, биологияны оқытудың заманауи әдістемелері және оқу-далалық практика тәжірибелері негізге алынды.

Авторлар электронды оқу құралын дайындау барысында ғылыми кеңес берген әріптестеріне, пікір білдірген мамандарға және оқу үдерісінде апробация жүргізуге қатысқан білімгерлерге алғыс білдіреді.

Ұсынылып отырған электронды оқу құралы биология мамандығы бойынша білім алушыларға, магистранттарға, оқытушыларға және фитосанитарлық зерттеулермен айналысатын зерттеушілерге арналған және олардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға өз үлесін қосады деп сенеміз.

Құрметпен,
Авторлар ұжымы