Зерттеуге бағыт
Қазіргі білім беру жүйесінде экологиялық және биологиялық білімнің маңызы артып, білімгерлердің табиғи ортадағы үдерістерді ғылыми тұрғыда түсіну қажеттілігі күшейіп отыр. Климаттық өзгерістер, урбанизация және антропогендік факторлардың күшеюі өсімдіктердің фитосанитарлық жағдайына елеулі әсер етуде. Осыған байланысты жалпақ жапырақты ағаштардың зиянкестерге төзімділігін зерттеу және фитосанитарлық жағдайды бағалау биология ғылымының өзекті бағыттарының бірі болып табылады.
Ұсынылып отырған электрондық әдістемелік құрал фитосанитарлық зерттеулерді ұйымдастыру арқылы білімгерлердің танымдық іс-әрекетін қалыптастыруға бағытталған. Бұл құралда теориялық білім мен практикалық әрекет өзара кіріктіріліп, білімгердің зерттеушілік қабілетін дамытуға жағдай жасалған. Фитосанитарлық зерттеулер барысында білімгер табиғи объектілермен тікелей жұмыс істеп, бақылау жүргізу, морфологиялық талдау жасау, зиянкестерді диагностикалау және алынған нәтижелерді ғылыми тұрғыда түсіндіру дағдыларын меңгереді.
Электрондық оқулықтың құрылымы жүйелі түрде ұйымдастырылған: алғашқы бөлімде фитосанитарлық зерттеулердің теориялық-әдіснамалық негіздері қарастырылса, келесі бөлімдерде жалпақ жапырақты ағаштардың биологиялық ерекшеліктері, зиянкестердің түрлік құрамы және зақымдану белгілері сипатталады. Үшінші бөлімде білімгерлердің танымдық іс-әрекетін қалыптастыру әдістері ұсынылып, гипотеза–эксперимент–талдау технологиясы мен құжаттау құралдары қарастырылады. Төртінші бөлім практикалық жұмыстар арқылы алынған білімді бекітуге бағытталған.
Сонымен қатар электрондық форматтың артықшылықтары кеңінен пайдаланылған: QR-кодтар, аудио және бейнематериалдар, интерактивті тапсырмалар білімгердің оқу белсенділігін арттырып, материалды терең меңгеруге мүмкіндік береді. Бұл тәсіл білімгердің тек білім алушы емес, зерттеуші ретінде қалыптасуына ықпал етеді.
Осылайша, ұсынылған әдістемелік құрал биология пәнін оқытуда заманауи педагогикалық тәсілдерді қолдана отырып, фитосанитарлық зерттеулер негізінде білімгерлердің танымдық, зерттеушілік және аналитикалық құзыреттіліктерін кешенді дамытуға бағытталған.