Мазмұнына қайту

4-Бөлім. Практикалық жұмыс және әдістемелік ұсыныстар

Практикалық жұмыс №2: Зиянкес түрін диагностикалау

Жұмыстың мақсаты

Ағаш өсімдіктерін зақымдайтын зиянкестердің түрлік тиесілігін сыртқы морфологиялық белгілері мен зақымдау сипатына сүйене отырып анықтау, диагностикалық ойлау мен фитосанитарлық бағалау дағдыларын қалыптастыру.

Зерттеу объектісі

Жалпақ жапырақты ағаштардың жапырақтарында, сабақтарында немесе қабығында кездесетін зиянкестер және олардың зақым белгілері.

Зерттеу пәні

Зиянкестерді диагностикалауда қолданылатын морфологиялық, биологиялық және зақым сипатына негізделген белгілер жүйесі.

Жұмыстың міндеттері:

  • Зиянкестердің негізгі морфологиялық белгілерін анықтау.
  • Зақым түрлерін (жапырақ жегіш, минер, сорғыш, қабық кеміргіш) ажырату.
  • Диагностикалық кілттерді қолдана отырып зиянкес түрін анықтау.
  • Зиянкес–өсімдік өзара әрекетінің биологиялық негізін түсіндіру.

Құрал-жабдықтар:

  • Лупа / Стереомикроскоп
  • Энтомологиялық анықтау кілті
  • Фитосанитарлық атлас
  • Пинцет, Петри табақшасы
  • Фитосанитарлық журнал
  • Фотоаппарат

Жұмыстың орындалу барысы

1

Зерттеу алдымен зақымданған өсімдік мүшесін (жапырақ, сабақ, қабық) визуалды бақылаудан басталады. Бұл кезеңде зақымның типі, таралуы және қарқындылығы сипатталады. Жапырақ бетінде тесік, шеттерінің кемірілуі, минер жолдары, түсінің өзгеруі немесе деформациясы сияқты белгілер тіркеледі. Сабақ пен қабықта қуыстар, жарықтар, сүрек ұнтағының болуы немесе қабықтың қабыршақтануы назарға алынады.

2

Келесі кезеңде зиянкес немесе оның даму сатысы (жұмыртқа, дернәсіл, қуыршақ, имаго) табылып, үлгі ретінде алынады. Үлгі лупа немесе микроскоп көмегімен зерттеліп, дене пішіні, сегментациясы, аяқтарының саны мен құрылысы, ауыз аппаратының типі анықталады. Бұл морфологиялық белгілер зиянкесті белгілі бір таксономиялық топқа жатқызуға мүмкіндік береді.

3

Одан кейін зиянкестің биологиялық ерекшеліктері ескеріледі. Оның қоректену типі, даму ортасы (жапырақ беті, жапырақ ішкі ұлпасы, сабақ, қабық), зақымдау уақыты және маусымдық белсенділігі талданады. Бұл деректер морфологиялық белгілермен бірге диагностикалық шешімнің дәлдігін арттырады.

4

Жиналған ақпарат энтомологиялық анықтау кілттерімен салыстырылып, зиянкес түрі немесе ең кемінде оның туыстық деңгейі анықталады. Диагностикалау кезінде анықтауға негіз болған басты белгілер жеке көрсетіліп, ғылыми тұрғыдан негізделеді.

Диагностикалық сипаттамаға арналған үлгі кесте (Толтырыңыз)

Диагностикалық белгі Өз зерттеуіңіздің нәтижесін (сипаттамасын) жазыңыз
Зақым типі
Зиянкес тобы
Морфологиялық белгілер
Даму сатысы
Қоректену орны
Анықталған түр

Нәтижелерді рәсімдеу

Практикалық жұмыс нәтижесінде білімгер зиянкестің толық диагностикалық сипаттамасын ұсынады, анықталған түрдің атауын көрсетеді және зақым белгілерінің осы зиянкеске тән екендігін дәлелдейді. Қажет болған жағдайда фотоматериалдар тіркеледі.

Қорытынды

Бұл практикалық жұмыс зиянкестерді диагностикалау кезінде морфологиялық және биологиялық белгілерді кешенді қолдану қажеттігін көрсетеді.

Зиянкес түрін дәл анықтау фитосанитарлық зерттеулердің бастапқы әрі маңызды кезеңі болып табылады және кейінгі зақымдану деңгейін бағалау мен басқару шараларын жоспарлау үшін ғылыми негіз қалыптастырады.

Бақылау сұрақтары